
Астана, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен телефон арқылы сөйлесті.
Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың қарқынды дамуын жоғары бағалап, стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.
Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі аспектілерді, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аясындағы ынтымақтастықты және 2026 жылғы қазанда Баку қаласында өтетін АӨСШК Саммитіне дайындық барысын талқылады.
Министрлер саяси диалогты кеңейтуге және сауда мен инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, сондай-ақ басқа да басым бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін атап өтті.