
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметі мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Парламент депутаттары, сыртқы саяси ведомство қызметкерлері мен қоғам өкілдерінің, қатысуымен өтті.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Қоғамдық кеңестің қоғам сенімін нығайтудағы және мемлекеттік басқарудың ашық жүйесін дамытудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ қазақ дипломаты 2025 жылғы министрліктің қызмет қорытындыларын таныстырып, инвестиция тарту, қоғамдық дипломатияны дамыту, консулдық қызметті жетілдіру және халықаралық-құқықтық ынтымақтастық бағыттарындағы нәтижелерге тоқталды.
Қазақстан азаматтарын шетелде қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуі кезеңінде министрлік пен шетелдегі мекемелердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Израильден, Ираннан, Газа секторынан, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатардан 1913 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері елге қайтарылды.
Іс-шара барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Сыртқы істер министрлігі мен Парламенттің халықаралық келісімдерді ратификациялау бағытындағы бірлескен жұмысының нәтижелерін жоғары бағалады. Парламенттің төртінші сессиясы аясында Ұлыбританиямен стратегиялық серіктестік, Қытай Халық Республикасымен инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, сондай-ақ Тәжікстан Республикасымен одақтастық қатынастарды нығайту туралы заңдарды қоса алғанда, жеті заң қабылданды.
Сонымен қатар Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Өңірлік орталығының қызметін қамтамасыз ететін заңдардың қабылдануы ерекше атап өтілді. Бұл Қазақстанның көпжақты дипломатияның өңірлік орталығы ретіндегі ұстанымын нығайта түседі.
Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Сыртқы істер министрі орынбасарының баяндамасын бірауыздан қабылдап, Тамерлан Жұматайды Қоғамдық кеңестің хатшысы қызметіне бекітті.