Қақтығыс аймақтарынан оралған қазақстандық әйелдердің дауысы БҰҰ мінберінде жаңғырды

Қақтығыс аймақтарынан оралған қазақстандық әйелдердің дауысы БҰҰ мінберінде жаңғырды

Қазақстан делегациясы 26 маусым мен 2 шілде аралығында Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ-ның Терроризмге қарсы апталығының жұмысына белсенді қатысуда. Осы көпжақты алаңда Қазақстан Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын қайтару жөніндегі тәжірибесін таныстырды.

Конференцияға қатысушыларға ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі – Қазақстанға репатриацияланған азаматшаның Жоғары деңгейдегі конференцияның арнайы қонағы ретінде БҰҰ мінберінен сөз сөйлеуі болды.

Ол өз өміріндегі қиындықтарды еңсеріп, Қазақстанға оралғаннан кейін қоғамға қайта бейімделу мен оңалту тәжірибесі туралы баяндады.

«Мемлекеттің қолдауының арқасында өмірім қалыпты арнасына түсті. Балаларым білім алып жатыр, ал өзім шағын кәсіппен айналысуға мүмкіндік алдым», – деді ол.

Терроризмге қарсы апта аясында Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен бірге Жоғары деңгейдегі конференция қорытындысы бойынша қабылданатын БҰҰ-ның Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясына тоғызыншы шолу жасау жөніндегі қорытынды құжаттың мәтінін әзірлеуге қатысуда.

Терроризмге қарсы апта алаңында Қазақстан делегациясы Орталық Азия елдерімен бірлесіп «Қақтығыс аймақтарынан оралғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу саласындағы Орталық Азияның тәжірибесі» тақырыбында арнайы сайд-ивент өткізеді. Сондай-ақ БҰҰ өкілдерімен және халықаралық сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер ұйымдастырылады.

Қазақстан халықаралық ұйымдар мен серіктес мемлекеттер – Ресей мен Ямайка ұйымдастыратын бірнеше сайд-іс-шараға спикер ретінде қатысуға шақырылды.

Анықтама: Репатриацияланған азаматша (қауіпсіздік мақсатында аты-жөні жарияланбайды) және оның төрт баласы 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жүзеге асырылған «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы аясында Қазақстанға қайтарылды.

«Жусан» және «Русафа» операцияларының нәтижесінде Қазақстанға 700-ден астам азамат қайтарылды, олардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрады.