Астана, 2026 жылғы 29 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Индонезия Республикасы Сыртқы істер вице-министрі Анис Маттамен кездесу өткізді.
«Қазақстанның Индонезиямен тығыз ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқан Азия-Тынық мұхиты өңірімен байланыстарды нығайтып, сауда және инвестициялар, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, білім беру және туризм салаларында жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Е.Көшербаев.
Келіссөздер барысында қазақстандық тарап еліміздің инвестициялық және транзиттік-көліктік әлеуетін таныстырып, экономиканың басым салаларында индонезиялық әріптестермен практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Тараптар ү.ж. мамыр айында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысының табысты өткенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, оның екіжақты экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды кезеңіне айналғанын әрі бірлескен жобаларды іске асыруға қосымша серпін бергенін айтты.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Индонезияны өңірлік және жаһандық үдерістердің жетекші қатысушыларының бірі ретінде қарастыратынын, оның Оңтүстік-Шығыс Азияда, АСЕАН, G20 және ислам әлемінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу барысында алдағы екіжақты іс-шараларды, оның ішінде жоғары деңгейдегі байланыстарды дайындау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға бейілділіктерін растады.