Астана, 2026 жылғы 29 маусым – Грузия Премьер-Министрі Ираклий Кобахидзенің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Грузия Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ ең жоғары және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Қазақстан мен Грузия сыртқы істер министрліктері арасындағы жемісті өзара іс-қимыл, саяси диалогтың жоғары деңгейі, халықаралық аренадағы табысты үйлестіру, сондай-ақ сауда-экономикалық және көлік-логистика салаларындағы тығыз әріптестік ерекше атап өтілді.
Министрлер Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, туризм және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективалары жеке талқыланды.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ алдағы іс-шаралар кестесін қарастырды.