
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев медиа қауымдастығы өкілдеріне жоғары кәсібилігі мен еліміздің сыртқы саяси бағытын ақпараттық сүйемелдеуге қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.
Министр бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі арқылы халықаралық қоғамдастықта Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан, бейбітсүйгіш әрі беделді мемлекет ретіндегі оң бейнесі қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
«Журналистика – үлкен жауапкершілік. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамды ақпараттандыруда, қоғамдық пікірді қалыптастыруда, халықаралық бастамаларды, Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын, сондай-ақ шетелдегі отандастарымызға қатысты мәселелерді жария етуде маңызды рөл атқарады», – деді Е.Көшербаев.
Іс-шараның құрметті қонағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов болды.
Салтанатты іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметін ақпараттық сүйемелдеуге және еліміздің сыртқы саясатын насихаттауға елеулі үлес қосқан қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар өкілдері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды.