Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Е.Жетібаевтың брифингі, Астана қаласы, 2026 жылғы 25 маусым

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің  ресми өкілі Е.Жетібаевтың брифингі, Астана қаласы, 2026 жылғы 25 маусым

Мазмұны

  1. Қазақстан делегациясының Ауғанстанға сапары туралы;
  2. Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер жөнінде;
  3. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Қытай Халық Республикасына сапары туралы;
  4. Қазақстан-Түрікменстан экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы туралы;
  5. Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапары туралы;
  6. Қазақстан делегациясының Қытай Халық Республикасына сапары туралы;
  7. Индонезия Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасарының Қазақстанға жұмыс сапары туралы;
  8. Германия Федеративтік Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрінің Қазақстанға сапары туралы;
  9. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Түрікменстанға ресми сапары туралы;
  10. Қазақстан мен Норвегия Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың бесінші раунды туралы.
  11. Қазақстан делегациясының Ауғанстанға сапары туралы

2026 жылғы 19 - 21 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның Кабул қаласына (Ауғанстан) ресми сапары өтті.

Сапар барысында өзара сауда, көлік-логистикалық байланыстар және гуманитарлық ынтымақтастықты қоса алғанда, экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, жалпы салмағы шамамен 300 тоннаны құрайтын азық-түлік, алғашқы қажеттілік тауарлары мен дәрі-дәрмектерден тұратын кезекті гуманитарлық көмек партиясын ауған халқына тапсыру рәсімі өтті.

  1. Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер жөнінде

2026 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссель қаласына сапары аясында Еуропалық кеңестің Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссияның Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесу өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдердің жобалары бойынша сарапшылар деңгейіндегі келіссөздердің аяқталуының маңыздылығы аталып өтті.

Қазіргі уақытта тараптар аталған келісімдерге қол қоюдың алдында жүргізілетін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді жүзеге асыруда.

Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан азаматтары үшін визалық рәсімдерді одан әрі жеңілдетуді, оның ішінде визалық өтініштерді қарау мерзімдерін қысқартуды, көп мәртелік визаларды алу мүмкіндіктерін кеңейтуді, растайтын құжаттарға қойылатын талаптарды жеңілдетуді және өзге де шараларды көздейді.

Аталған келісімдер бойынша келіссөздердің аяқталуы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды практикалық нәтижесі болып табылады және іскерлік, білім беру, ғылыми, мәдени әрі гуманитарлық байланыстардың дамуына, сондай-ақ адамдар арасындағы байланыстардың кеңеюіне ықпал етеді.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Қазақстан аумағында үшінші елдердің мигранттарын орналастыру мәселесі бойынша Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында келіссөздер жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарғанын еске саламыз.

Қазақстан тарапы Еуропалық одақпен немесе оған мүше мемлекеттермен Қазақстан аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын әрі еуропалық мемлекеттерден қайтарылуға немесе депортациялануға жататын адамдарды қабылдау, орналастыру, ұстау немесе транзиттік өткізу орталықтарын құру мәселесі бойынша ешқандай келіссөздер жүргізген жоқ.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету мәселелері мен реадмиссия мәселелері дербес құқықтық сипатқа ие екенін атап өткен жөн. Визалық режимді жеңілдету жөніндегі ықтимал талқылаулар Қазақстан аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын адамдарды орналастыру жөніндегі қандай да бір міндеттемелерді қабылдауға негіз бола алмайды.

  1. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Қытай Халық Республикасына сапары туралы

2026 жылғы 23 - 24 маусымда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Далянь қаласына Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаңа чемпиондардың» 17-ші жыл сайынғы кездесуіне – Жазғы Давос форумына қатысу үшін жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Қытай Мемлекеттік кеңесінің Премьері, Моңғолия Премьер-министрі, Бангладеш Премьер-министрі, Дүниежүзілік экономикалық форумның Президентімен екіжақты кездесулер, сондай-ақ Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен келіссөздер өткізілді.

Сонымен қатар Үкімет басшысы «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған сессияға қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде ол аталған бастаманы одан әрі дамыту жөніндегі Қазақстанның ұстанымын жан-жақты таныстырды.

  1. Қазақстан-Түрікменстан экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы туралы

2026 жылғы 24 маусымда Астанада Қазақстан-Түрікменстан экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, ал түрікмен делегациясын Түрікменстан Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Нокергулы Атагулыев басқарды.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, қаржы, білім беру және мәдениет салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Комиссия отырысы аясында Қазақстан–Түрікменстан бизнес-форумы өтіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.

  1. Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрінің Қазақстанға сапары туралы

2026 жылғы 24–26 маусым аралығында Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткео бастаған өкілді бизнес-делегацияның Қазақстан Республикасына ресми сапары өтуде.

Сапар аясында Астана қаласында мемлекет басшылығымен және Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесулер, сондай-ақ Алматы қаласында Қазақстан-Таиланд бизнес-форумын өткізу жоспарланған.

Алдағы келіссөздердің күн тәртібіне өзара сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, көлік және логистика саласындағы серіктестікті тереңдету, инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, сондай-ақ туризм саласындағы өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасуды ілгерілету мәселелері енгізілген.

  1. Қазақстан делегациясының Қытай Халық Республикасына сапары туралы

Бүгін, 2026 жылғы 25 маусымда, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Үрімші қаласына сапары басталды.

Сапардың мақсаты – «Қытай–Еуразия» 9-шы халықаралық көрмесіне қатысу.

Сапар аясында Қытай Мемлекеттік кеңесі Төрағасының орынбасары Дин Сюэсянмен, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниязбен, сондай-ақ Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр.

Биыл Қазақстан Қытайдың «Бірлескен үлкен нарық – Қытайға экспорт» бастамасы шеңберінде 2026 жылдың тақырыптық елдерінің бірі болып айқындалды.

Қазақстанмен қатар мұндай мәртебе Ұлыбританияға, Испанияға, Германияға, Таиландқа және Кенияға берілді.

  1. Индонезия Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасарының Қазақстанға жұмыс сапары туралы

2026 жылғы 27 маусым - 1 шілде аралығында Индонезия Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Анис Маттаның Қазақстан Республикасына жұмыс сапары жоспарланған.

Сапар аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізу көзделген.

Алдағы келіссөздердің күн тәртібіне екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, оның ішінде қауіпсіздік және діни саладағы өзара іс-қимыл мәселелері енгізілген.

  1. Германия Федеративтік Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрінің Қазақстанға сапары туралы

2026 жылғы 28-30 маусым аралығында Қазақстан Республикасына Германия Федеративтік Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрі Катерина Райхе келеді.

Сапар аясында Қазақстан басшылығымен, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесулер жоспарланған.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне баса назар аударылатын болады.

Сонымен қатар энергетика және шикізат салаларындағы өзара іс-қимыл, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, сондай-ақ аса маңызды шикізат материалдары саласындағы жобаларды қоса алғанда, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланады.

Алдағы сапар жоғары деңгейдегі екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға дайындықтың маңызды кезеңі ретінде қарастырылып, Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің дамуына қосымша серпін береді деп күтілуде.

  1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Түрікменстанға ресми сапары туралы

2026 жылғы 30 маусым - 1 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Түрікменстанға ресми сапары өтеді.

Сапар барысында саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қамтитын Қазақстан-Түрікменстан ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылады.

  1. Қазақстан мен Норвегия Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың бесінші раунды туралы

2026 жылғы 2 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Норвегия Корольдігі Сыртқы істер министрлігі арасындағы саяси консультациялардың бесінші раунды министрлер орынбасарлары деңгейінде өтеді.

Консультациялар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен Норвегия Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Эйвинд Вад Петерсеннің тең төрағалығымен өтеді.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Норвегия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылайды.

Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге, энергетика, «жасыл» трансформация, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылады.