Қазақстан мен Таиланд екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Таиланд екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Астана, 2026 жылғы 25 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға ресми сапармен келген Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пуангкеткеомен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылды талқылады. Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтуге және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударылды.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты қатынастардың тұрақты оң серпінін қанағаттанушылықпен атап өтіп, практикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

«Таиланд – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Бүгінгі келіссөздер өзара түсіністіктің жоғары деңгейін және елдеріміздің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға деген ұмтылысын тағы бір мәрте растады», - деді Е.Көшербаев.

Келіссөздер барысында ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, цифрландыру, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қаралды. Қазақстан өңірлер арасындағы сауда байланыстарын дамыту мақсатында Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін пайдалануға дайын екенін растады.

Министрлер сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына бейілдігін растады. Қазақстан тарапы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын таныстырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиландтың сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2027–2028 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Сапар аясында Алматы қаласында екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері қатысатын Қазақстан–Таиланд бизнес-форумы өтеді. Форум қорытындысы бойынша сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою жоспарлануда.