
Астана, 2026 жылғы 19 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Грекия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антония Кацурумен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, Қазақстан-Грекия ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады.
А.Кацуру Министр орынбасарының а.ж. сәуір айында Грекияға сапарының негізгі нәтижелерінің бірі – Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грекия үкіметаралық комиссиясының келесі отырысын (ҚГҮК) ұйымдастырудың маңыздылығын көрсету болғанын атап өтті.
Ә.Қуантыров Министр орынбасары осы жылдың екінші жартысында Афины қаласында өтетін Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грекия үкіметаралық комиссиясының келесі отырысының сәтті өтетініне сенім білдірді.
Министр орынбасары Қазақстанның Грекиямен серіктестікті одан әрі дамытуға және жаңартылатын энергия көздері, көлік пен логистика, металлургия, агроөнеркәсіп, қалдықтарды қайта өңдеу, фармацевтика, туризм және цифрлық технологиялар сияқты экономиканың басым секторларына грек инвестициясын тартуға мүдделі екенін атап өтті. Осы орайда екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды жандандырып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Ә.Қуантыров Грекияның Сыртқы істер министрлігінің, грек мекемелерінің, қаржы ұйымдарының және елдегі жетекші компаниялардың өкілдерімен жүргізілген келіссөздердің оң нәтижелерін атап өтті.
«Талқылау барысында бірқатар басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге екі жақтың мүдделілігі байқалып, елдеріміз арасындағы практикалық бастамаларды ілгерілету үшін берік негіз жасалды», – деп қосты ол.
Өткен жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымының көлемі 2,4 млрд долларды құрағанын атап өткен жөн. Сауда-экономикалық қатынастар Қазақстаннан шикі мұнай, полипропилен, ферроқорытпа және жасымық сияқты тауарларды, Грекиядан дәрілік заттарды, топырақты сұрыптауға және ұнтақтауға арналған құрал-жабдықтарды, аминоальдегидті, фенол-альдегидті шайырлар мен полиуретанды, сүтті өңдеуге арналған жабдықтарды және т.б. экспорттауға негізделген.
А.Кацуру грек тарапының Қазақстанмен экономикалық өзара әрекеттесуді нығайтуға және өзара мүдделі салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты экономикалық күн тәртібін ілгерілету және инвестициялық ынтымақтастық бойынша тұрақты диалогты қолдау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.