Өзбекстан Республикасына бесінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумына қатысу аясындағы сапар барысында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров шет мемлекеттердің өкілдерімен және іскер топтармен бірқатар кездесулер өткізді.
Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі, Ұлыбританияның Бизнес және сауда министрлігі мен Қазынашылықтың инвестициялар жөніндегі министрінің орынбасары Лорд Джейсон Стоквудпен өткен кездесуде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Ағымдағы жылдың маусым айында ратификациялау рәсімі аяқталған Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар энергетика, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, қаржы, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары қарастырылды.
Ә.Қуантыров Ұлыбританияның Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі әрі ел экономикасына ірі шетелдік инвесторлардың қатарында екенін атап өтті. Осыған байланысты, Қазақстан экономикасының басым секторларына британдық инвестициялар мен технологияларды тартуға қызығушылық білдірілді.
Сапар аясында сондай-ақ өзбекстандық «BMB Holding» холдингі Құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Бекзод Маматқұловпен кездесу өтті.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, туризм, тамақ өнеркәсібі, логистика және өзара сауда салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесуге қатысушылар стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа негізделген қазақ-өзбек қатынастарының жоғары деңгейін атап өтіп, екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығын жеткізді.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ орнықты дамуға және өңірлік экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен жобаларды ілгерілетуге өзара мүдделілігін растады.