Астана, 2026 жылғы 17 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Мажарстанның Қазақстандағы Елшісі Отто Иван Ронаны қабылдады.
Қазақ дипломаты мажар әріптесіне екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған белсенді әрі нәтижелі қызметі үшін алғыс білдірді. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өткен А.Исетов Будапештпен орнықты әрі өзара тиімді байланыстарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды.
«Сіздің дипломатиялық қызметіңіз кезеңінде елдеріміз стратегиялық серіктестіктің орнатылғанына он жыл толуын атап өтті. Ашық диалог қағидаттарына сүйене отырып, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды ілгерілете дамыту үшін алдағы уақытта да бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз қажет деп санаймын», – деді Министрдің орынбасары.
Елші О.Рона миссиясы барысында көрсетілген жан-жақты қолдау үшін қазақ тарапына алғысын білдірді. Мажар дипломаты өз елінің Қазақстанмен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Кездесу соңында А.Исетов мажар дипломатына сәттілік және алдағы барлық жоспарларының жүзеге асуын тіледі.