Алғашқы Қазақстан-Испания форумы серіктестікті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашты

Алғашқы Қазақстан-Испания форумы серіктестікті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашты

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов және Испания Корольдігі Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің Сыртқы және жаһандық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диего Мартинес Астана қаласында өткен Қазақстан-Испания форумына қатысты.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары екі ел арасындағы белсенді экономикалық ынтымақтастықты атап өтті. Airbus, Maxam, Talgo, Técnicas Reunidas, Glovo, Roca және Inditex сияқты көптеген жетекші испан компаниялары  ел нарығында қызмет етуде.

А.Исетов көлік пен логистикадан бастап жаңартылатын энергия көздеріне, цифрлық технологияларға, су ресурстарын басқаруға, озық өндіріске және агробизнеске дейінгі ынтымақтастықтың перспективалы салаларын атап өтті. «Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық көпір, ал Испания инфрақұрылым, инновация, тұрақты даму, туризм және өнеркәсіпті жаңғырту салаларында халықаралық деңгейде танылған тәжірибеге ие», – деді министрдің орынбасары.

Іс-шараға «Еуропалық Одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы: Қазақстан мен Испанияның рөлі», «Қазақстан мен Испания арасындағы тұрақты қалалық инфрақұрылым, логистика және іскерлік ынтымақтастық» және «Туризм және спорт: Қазақстан мен Испаниядағы озық тәжірибелер мен қазіргі қиындықтар» тақырыптарында үш панельдік сессия өтті.

Форум туризм, спорт және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың болашағына бағытталды. Іс-шара қорытындысы бойынша екіжақты серіктестікті дамыту үшін белсенді диалогты жалғастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Өткен жылы Қазақстан мен Испания арасындағы сауда айналымы 1,93 миллиард АҚШ долларын құрағанын атап өткен жөн. 2005 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстан Испаниядан шамамен 345 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартты. Қазақстанда 35 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.