
Астана, 2026 жылғы 16 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігінің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың 8-ші отырысы өтті.
Қазақ делегацияны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал испандық делегацияны Испания Корольдігі Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің Сыртқы және жаһандық мәселелер жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диего Мартинес басқарды.
Консультациялар барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы қазақ-испан стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты.
Сауда және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше назар аударылды. Испания Қазақстанның Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екені атап өтілді. Бұған 2025 жылы 1,93 млрд АҚШ долларын құраған екіжақты сауданың тұрақты көрсеткіштері дәлел бола алады. Тараптар көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері, агроөнеркәсіптік кешен, цифрландыру, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілік білдірді.
А.Исетов Қазақстанның Испанияны Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын және өзара құрмет, сенім мен прагматикалық ынтымақтастық қағидаттарына негізделген стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Д.Мартинес Испания тарапының Қазақстанмен көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығын растап, экономикалық және гуманитарлық салаларда бірлескен жобаларды іске асыру үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.
Консультациялар қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және белсенді саяси диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.