Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Е.Жетібаевтың брифингі, Астана, 2026 жылғы 15 маусым

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ресми өкілі Е.Жетібаевтың брифингі, Астана, 2026 жылғы 15 маусым

Мазмұны:

  1. Қазақстан-Корея Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының 11-ші отырысы туралы;
  2. Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші Төрағасының Қазақстанға сапары туралы;
  3. Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапары туралы;
  4. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдығы туралы;
  5. Ауғанстан мәселесі жөніндегі Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекеттерінің арнайы өкілдері мен елшілерінің кезекті отырысы туралы;
  6. Экономикалық саладағы алдағы жоғары деңгейдегі Қазақстан мен Германия арасындағы іс-шаралар туралы;
  7. «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумының аға лауазымды тұлғаларының отырысы туралы;
  8. Қазақстан мен Испания сыртқы саяси ведомстволарының алдағы іс-шаралары туралы;
  9. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының 20 жылдығы туралы;
  10. Польша Сенаты Спикерінің Қазақстанға жұмыс сапары туралы.
  1. Қазақстан-Корея Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының 11-отырысы туралы

2026 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Корея Республикасы Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ким Чжон Кванның тең төрағалығымен Қазақстан-Корея Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының
11-отырысы өтті.

Тараптар өнеркәсіп, табиғи ресурстар, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар, құрылыс, инфрақұрылым, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Хаттамаға қол қойып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.

  1. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Төрағасының Қазақстанға сапары туралы

2026 жылғы 11-12 маусымда Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевтің Астана қаласына ресми сапары өтті.

Сапар аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановпен және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен келіссөздер жүргізілді.

Аталған сапар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы саяси диалогты одан әрі нығайтуға, парламентаралық өзара іс-қимылды тереңдетуге, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен өзара қолдауды кеңейтуге ықпал етті.

  1. Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысының Қазақстанға сапары туралы

2026 жылғы 10-12 маусым аралығында Қазақстанға Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсе сапармен келді. Сапар аясында швед делегациясы «Astana Mining & Metallurgy» (AMM-2026) халықаралық тау-кен металлургия конгресіне қатысып, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Сапардың негізгі іс-шарасы Қазақстан-Швеция Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясын құру туралы меморандумға қол қою және оның алғашқы отырысын өткізу болды. Аталған отырыс Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсе мен Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің тең төрағалығымен өтті.

Бұл сапар Қазақстан мен Швеция арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беріп, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ықпал етуге бағытталған.

  1. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдығы туралы

2026 жылғы 15 маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің құрылғанына 25 жыл толуын атап өтуде. Ұйым 2001 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның бастамасымен құрылды.

Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ сенім шараларын нығайтуға бағытталған өңірлік механизмден он мүше мемлекетті біріктіретін және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық өзара іс-қимыл мен гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатын ірі халықаралық ұйымға айналды.

Қазақстан Ұйымның негізін қалаушы мемлекет ретінде өзара сенім, теңдік, өзара тиімділік, мәдени әртүрлілікті құрметтеу және бірлескен дамуға ұмтылу қағидаттарына негізделген көпжақты ынтымақтастықтың тиімді алаңы ретіндегі ШЫҰ-ның рөлін нығайтуды дәйекті түрде қолдап келеді.

  1. Ауғанстан мәселесі жөніндегі Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекеттерінің арнайы өкілдері мен елшілерінің кезекті отырысы туралы

2026 жылғы 15 маусымда Алматы қаласында БҰҰ Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығы алаңында Ауғанстан мәселесі жөніндегі Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекеттерінің арнайы өкілдері мен елшілерінің сегізінші отырысы өтті.

Отырыс барысында Ауғанстандағы ахуалдың даму үрдістері, оның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа ықпалы, сондай-ақ Ауғанстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.

Қатысушылар өңірлік интеграцияны нығайту мәселелерін, оның ішінде Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік-логистикалық және транзиттік бағыттарды дамыту перспективаларын талқылады. Бұл бағыттар Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің, сондай-ақ Еуропалық одақпен байланыстарды нығайтудың маңызды факторы бола алады.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Ауғанстандағы бейбітшілікке, тұрақтылыққа және орнықты дамуға жәрдемдесу, сондай-ақ бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен өркендеуін қамтамасыз ету мақсатында Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық одақ және БҰҰ құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.

  1. Экономикалық саладағы алдағы Қазақстан-Германия арасындағы жоғары деңгейдегі іс-шаралар туралы

2026 жылғы маусым айында Қазақстанға Германия Федералдық Экономика және энергетика министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Штефан Роуэнхофф (15-16 маусым) және Германияның Федералдық экономика және энергетика министрі Катарина Райхе (29-30 маусым) сапармен келеді.

Сапарлар аясында ел басшылығымен, сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған. Негізгі назар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне аударылады.

Тараптар энергетика және шикізат салаларындағы өзара іс-қимылды, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуді, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары саласындағы жобаларды қоса алғанда, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.

Алдағы сапарлар биік және жоғары деңгейлердегі екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға дайындықтың маңызды кезеңі ретінде қарастырылып, Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің дамуына қосымша серпін беруге бағытталған.

  1. «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумының аға лауазымды тұлғаларының отырысы туралы

2026 жылғы 16 маусымда Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумының аға лауазымды тұлғаларының екінші отырысына қатысады, сондай-ақ Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Чон Ый Химен екіжақты кездесу өткізеді.

Қатысушылар Форумның алғашқы саммитіне дайындық мәселелерін, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылайды.

  1. Қазақстан мен Испания сыртқы саяси ведомстволары желісі бойынша алдағы іс-шаралар туралы

2026 жылғы 16 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігінің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың 8-раунды өтеді.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал испандық делегацияны Испанияның Мемлекеттік хатшысы Диего Мартинес Белио басқарады.

Консультациялар барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелерін қоса алғанда, қазақ-испан ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және алдағы екіжақты іс-шараларға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Сол күні екі елдің мемлекеттік құрылымдары, іскер топтары, сарапшылық қоғамдастығы мен академиялық институттары арасындағы байланыстарды нығайтуға арналған жаңа алаң ретінде Қазақстан-Испания форумының алғашқы отырысы өтеді.

Форум перспективалы бірлескен жобаларды ілгерілетуге және өзара іс-қимылдың басым бағыттарындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.

Алдағы іс-шаралар Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызды кезеңі ретінде қарастырылып, екіжақты көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін беруге бағытталған.

  1. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығының 20 жылдығы туралы

2026 жылғы 17 маусымда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының құрылғанына
20 жыл толады.

Кеңестің тарихы 1992 жылғы қазанда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім жөніндегі жалпыазиялық форум құру, яғни Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) азиялық баламасын қалыптастыру бастамасын ұсынуынан бастау алады.

Бүгінде Азия кеңесі (АӨСШК) – штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан, 28 мүше мемлекетті біріктіретін беделді паназиялық форум. 2022 жылғы Астана трансформациясы туралы мәлімдемеге сәйкес Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес толыққанды халықаралық ұйым мәртебесіне қарай дәйекті түрде ілгерілеуде.

Хатшылықтың 20 жылдығы осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын ұсынылған қазақстандық бастаманың берік институционалдық негізге ие болып, тұрақты даму жолына түскенін айғақтайды.

  1. Польша Сенаты Спикерінің Қазақстанға жұмыс сапары туралы

2026 жылғы 18-20 маусым аралығында Польша Сенатының Спикері Малгожата Кидава-Блоньсканың Қазақстанға жұмыс сапары өтеді. Сапар аясында ел басшылығымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағаларымен кездесулер жоспарланған.

Польша Сенаты басшысының Қазақстанға алғашқы сапары поляктардың Қазақстанға депортациялаудың 90 жылдығына орайластырылған.

Аталған сапар Қазақстан мен Польша арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік береді.