Қазақстан делегациясы ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толуына арналған конференцияға қатысты

Қазақстан делегациясы ШЫҰ-ның құрылғанына 25 жыл толуына арналған конференцияға қатысты

Душанбе, 2026 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, ТР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы және Тәжікстандағы ШЫҰ достық және ынтымақтастық орталығы ұйымдастырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 25 жылдық мерейтойының қарсаңында «Орталық Азия – ШЫҰ өзегі: бейбітшілік және ортақ даму кеңістігі» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты.

Өз сөзінде Е.Қоныспаев «Шанхай үдерісінің» бастауында Орталық Азия елдерінің белсенді құрылтайшы мемлекеттердің бірі болғанын және оның өркендеуіне айтарлықтай үлес қосуды жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан үшін тең құқылы және өзара тиімді ынтымақтастық платформасы ретінде ШЫҰ-ны одан әрі нығайтудың ерекше маңызы бар екеніне ықылас бөлді.

Конференцияға қатысушыларға арналған сөзінде Тәжікістанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин Орталық Азия мемлекеттері көшбасшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында соңғы жылдары Еуразияның ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің біріне айналғанын атап өтті. Орталық Азия объективті түрде ШЫҰ-ның тұрақты ядросын қалыптастырып, оның одан әрі эволюциясына серпін бере отырып, жүйе құраушы рөл атқара бастады.

Конференцияға қатысушылардың басым көпшілігі ШЫҰ-ның Еуразиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөліне назар аударып, оның беделді және ықпалды халықаралық және өңірлік бірлестіктер қатарындағы лайықты орнын ерекше атап өтті.

Орталық Азия өңірі елдерінің ШЫҰ-ның өркендеуі мен үдемелі дамуына қосқан үлесіне, сондай-ақ олардың өзара сенім, тату көршілік және тең құқылы серіктестік қағидаттарын нығайтудағы рөліне ерекше көңіл бөлінді.

Іс-шараға Беларусь, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Үндістан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Иранның Тәжікстандағы Елшісі, сондай-ақ ЭСКАТО, ТМД, ҰҚШҰ, ЮНЕСКО, АӨСШК, ЭЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Сапар аясында Е.Қонысбаев Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Нигина Ализодамен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, оның ішінде жақында өткізуге жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі байланыстарды дайындау, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы Қазақстан-Тәжікстан өзара іс-қимылын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын бірлескен жобаларды іске асырудың жекелеген мәселелерін зерделеп, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті аспектілері бойынша пікір алмасты.