Қазақстанның Сыртқы істер министрі ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстанның Сыртқы істер министрі ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Қазан, 2026 жылғы 10 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік ахуал, сондай-ақ оның Ұйымға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсері жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Сыртқы істер министрі өз сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Ұйымға мүше мемлекеттер бірлескен күш-жігердің арқасында заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге тиімді қарсы тұрып, қорғаныс саласындағы іс-қимылдарын үйлестіріп, дағдарыстық жағдайларға жедел ден қоюда.

Сондай-ақ министр ҰҚШҰ форматындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы мен тәсілдері туралы хабардар етіп, Ұйымды одан әрі жан-жақты дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда қатысушыларды Қазақстандағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласының дамуымен таныстырды. Атап айтқанда, Цифрлық кодекстің қабылдануы, «Alem AI» жасанды интеллект орталығының және суперкомпьютерлік кластердің іске қосылуы, сондай-ақ «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру және «Astana Smart City» жобасын жүзеге асыру жөнінде ақпарат берді.

Сондай-ақ Алматы қаласында Тұрақты даму мақсаттары бойынша цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру бастамасын қолдағаны үшін ҰҚШҰ-дағы серіктестерге алғысын білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша министрлер ҰҚШҰ-ның 2030 жылға дейінгі Терроризмге қарсы стратегиясының жобасын мақұлдады.

Сыртқы істер министрлері кеңесі ғарыш кеңістігінде қарулану жарысының алдын алу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды диверсиялық және террористік мақсаттарда пайдалану қатерлеріне қарсы іс-қимыл жасау қажеттілігі, халықаралық құқықтың рөлін нығайту және БҰҰ Жарғысының қағидаттарына бейілділік, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының басталғанына 85 жыл толуына байланысты саяси мәлімдемелер қабылдады.

Жалпы алғанда, тараптар ҰҚШҰ аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға және Ұйымды одан әрі нығайтуға бейілді екендіктерін растады.

Ресей Федерациясының төрағалығын ескере отырып, Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2026 жылғы қарашада Мәскеу қаласында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында өтеді.