Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының отырысы туралы

Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының отырысы туралы

Алматы, 2026 жылғы 6 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назары мен қолдауының арқасында Қазақстанның аталған халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге шықты», - деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин.

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е.Ашықбаев сөз сөйлеп, Қазақстанның әлемдік сахнадағы беделін нығайтуға бағытталған сыртқы саяси бастамалардың іске асырылу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, ол мемлекетіміздің ЮНЕСКО шеңберіндегі белсенді қызметін атап өтті. Бұған Дүниежүзілік мұра комитеті мен Үкіметаралық гидрологиялық бағдарлама кеңесіндегі мүшелік, сонымен қатар, Ұйым клубтарының Дүниежүзілік федерациясына төрағалық ету ықпал етіп отыр. Осы тұрғыда ол Сыртқы істер министрлігінің 2027-2031 жылдарға арналған ЮНЕСКО Атқарушы кеңесіне Қазақстан үміткерлігін ілгерілету жөніндегі жұмысы туралы хабардар етті.

Отырыс қатысушылары конституциялық реформалар аясында Ұлттық комиссияның алдағы қызметінің басым бағыттарын, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның  тізімдеріне жаңа қазақстандық номинацияларды дайындау мен ілгерілету мәселелерін талқылады. ИСЕСКО-мен екіжақты ынтымақтастықтың нығаюы да атап өтілді. Оның дәлелі ретінде Ұйымның 2027 жылы Түркістан қаласына ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесін беру жоспары аталды.

Іс-шара аяқталар алдында Ұлттық комиссия мүшелері бейінді мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелерін талқылап, Қазақстанның ЮНЕСКО мен ИСЕСКО-дағы ұстанымдарын одан әрі нығайтуға атсалысуға дайындықтарын растады.