Шекарасыз ғылыми серіктестік: Астанадағы атом дипломатиясының күндері

Шекарасыз ғылыми серіктестік: Астанадағы атом дипломатиясының күндері

Қазақстан Республикасы Ядролық физика институтының Астана филиалының 20 жылдығына және Біріккен ядролық зерттеулер институтының (БЯЗИ) 70 жылдығына орайластырылған БЯЗИ Күндері аясында Астанада бірқатар халықаралық іс-шаралар мен екіжақты кездесулер өтті.

Осы күндері Қазақстанға келген БЯЗИ делегациясын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қабылдады, сондай-ақ ҚР Атом энергиясы агенттігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінде кездесулер өтті

Аталған Күндердің басты іс-шарасы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналған пленарлық отырыс болды. Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев елімізді жаңғыртудың негізгі драйвері ретінде отандық ғылымды дамыту ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке назарында екенін атап өтті. Е.Ашықбаев әлем бойынша бейбіт ядролық энергетикаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және өзара сенім, бақылау тетіктері мен халықаралық ынтымақтастық жаһандық тұрақтылықтың негізіне айналатынын атап өтті.

Пленарлық отырыста БЯЗИ, Қазақстанның Ядролық физика институты, Беларусь Ұлттық ғылым академиясы және Беларусь мемлекеттік институтының өкілдері іргелі ғылымды дамыту перспективалары бойынша баяндамалар жасады.

Отырыс аясында Е.Ашықбаев БЯЗИ-дің Бас директоры Григорий Трубников бастаған делегациямен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен стратегиялық перспективаларын талқылап, бірлескен жобаларды іске асыруға және ядролық зерттеулер саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға деген өзара қызығушылықты растады.