2026 жылғы 4 маусым, Астана – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Берит Нисинг Линдеманмен кездесу өткізді.
Келіссөз барысында А. Надиркулова адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған конституциялық реформалардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. Конституцияда еңбек ету мен бейбіт жиналыстар өткізу құқықтарына қатысты тұжырымдардың нақтыланғаны, сот арқылы қорғалу және тұрғын үйге қолсұғылмау кепілдіктері күшейтілгені, сондай-ақ алғаш рет дербес деректерді қорғау нормалары бекітілгені атап өтілді.
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан 2026–2030 жылдарға арналған Қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірлеуде екені туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Б.Линдеман комитеттің Алматыдағы Өңірлік өкілдігінің қызметіне көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесін реформалау, азаптаулардың алдын алу, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің құқықтарын қорғау салаларындағы елеулі жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенді рөлін ерекше атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау және Қазақстандағы реформаларды қолдау мәселелері бойынша ынтымақтастық пен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.