ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан - Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан - Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды

Астана, 2026 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің  орынбасары Әлібек Бақаев Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының түрлі салалардағы өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.

Қазақстанға мамырдың соңы – маусымның басында жүзеге асырылған ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзидің, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Саяси-құқықтық комиссиясының хатшысы Чэнь Вэньциннің, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунның, сондай-ақ ҚХР-дың Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лидің сапарларының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, сұхбаттасушылар 2026 жылы жоспарланған алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралардың кестесін жеке талқылады.

Кездесудің соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрілігі мен Қытай Елшілігі арасында тұрақты байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.