Қазақстан мен Түрікменстан консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Қазақстан мен Түрікменстан  консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

Ашғабат, 2026 жылғы 4 маусым – Ашғабатта Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан Сыртқы істер министрліктері арасында кезекті консулдық консультациялар өтті. Аталған іс-шараға екі елдің мүдделі мемлекеттік органдары мен ведомстволарының өкілдері қатысты.

Қазақ делегациясын ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков, ал түрікмен тарапын Түрікменстан СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Довлетмурат Муратов басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы консулдық саладағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, дәстүрлі достық қатынастарға, өзара сенімге, стратегиялық серіктестікке және халықаралық құқық қағидаттарына негізделген байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.

Консультациялар аясында дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар консулдық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылады. Атап айтқанда, көші-қон, халықаралық конвенциялар шеңберіндегі құқықтық өзара іс-қимыл, азаматтардың құқықтарын қорғау, шарттық-құқықтық базаны кеңейту және екіжақты ынтымақтастықтың өзге де өзекті аспектілері қарастырылды.

Осы тұрғыда тараптар мемлекеттік қызметтерді заманауи технологиялар арқылы жетілдіру, азаматтарға көрсетілетін консулдық көмектің тиімділігін арттыру және екі елдің мемлекеттік құрылымдарының өзара іс-қимылын жеделдету мәселелері бойынша пікір алмасты.

Консультациялар қорытындысы бойынша делегация басшылары Хаттамаға қол қойып, келіссөздердің сындарлы әрі мазмұнды өткенін атап өтті. Сонымен қатар консулдық қатынастардың барлық бағыты бойынша ақпаратты тұрақты түрде алмасуды жалғастыруға уағдаласты.

Сондай-ақ тараптар екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады және келесі консулдық консультациялар раундын Астанада өткізу ниетін білдірді.