Мазмұны:
2026 жылғы 25 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың шақыруымен Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи Астанаға ресми сапармен келді.
Өздеріңізге белгілі, мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы қабылдап, қазақ-қытай жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік пен өзара құрмет рухын ілгерілетуге қосқан жеке үлесі үшін оны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Сапар аясында Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Қазақстан Парламентінің екі палатасының спикерлерімен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар елімізде жүзеге асырылып жатқан құрылымдық саяси реформалар аясында парламентаралық диалогты одан әрі тереңдету және дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
2026 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтың және Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің Шығыс Еуропа мен Орталық Азия жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Одроне Перкаускененің қатысуымен ҚР - ЕО Саяси конфигурациядағы ынтымақтастық комитетінің 23-отырысы өтті.
Кездесу барысында Global Gateway бастамасын іске асыруды қоса алғанда, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Еуропалық одақ көлік-логистикалық байланыстылықты нығайту, жасыл энергетиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау, аса маңызды шикізат материалдарын жеткізу және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту сияқты салалардағы серіктестікті одан әрі күшейтудің стратегиялық бағдарларын айқындады.
Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету перспективалары қарастырылды. Тараптар консулдық-визалық саладағы диалогты жандандырудың және өзара іс-қимылды ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестікті екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік бар екенін растады.
31 мамыр мен 3 маусым аралығында Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лидің Қазақстанға алғашқы сапары өтіп жатыр.
Ресми делегациядан бөлек, Джон Лимен бірге елімізге Гонконгтың ірі компаниялары мен қаржы институттарының өкілдерінен құралған ауқымды бизнес-делегация (шамамен 70 адам) келді.
Гонконгтың Азиядағы жетекші қаржы орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін ескере отырып, бұл сапар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстан экономикасының басым секторларына инвестициялар тартуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржылық және іскерлік байланыстарды нығайтуға тың серпін береді деп күтілуде.
2026 жылғы 31 мамырда «LOT Polish Airlines» поляк әуе компаниясы Алматы – Варшава бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстерді іске қосты. Жаңа рейс жазғы маусымда аптасына 4 рет, ал қысқы маусымда аптасына 3 рет орындалады деп жоспарлануда.
LOT әуе компаниясы Варшава – Астана бағыты бойынша тұрақты рейстерді қазірдің өзінде орындайды. Алматыға жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Польшаның арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтудегі маңызды қадам болмақ.
Сондай-ақ 2026 жылғы 31 шілдеден бастап «SunExpress» әуе компаниясы Измир – Алматы – Измир бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады. Рейстер 2026 жылғы қазан айының соңына дейін аптасына екі рет орындалады.
Сонымен қатар 2026 жылғы 2 маусымнан бастап «Air Astana» Астана – Ларнака бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Ұшулар аптасына екі рет (сейсенбі және сенбі күндері) орындалады.
Одан бөлек, 2026 жылғы 4 маусымнан бастап әуе компаниясы Алматы – Ларнака бағыты бойынша аптасына екі рет (бейсенбі және жексенбі күндері) рейстерді іске қосады (Қазақстан азаматтарына Кипрге кіру үшін виза рәсімдеу қажет).
Жаңа рейстердің іске қосылуы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға, іскерлік қатынастарды дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шетелдік мекемелермен, уәкілетті мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестермен өзара іс-қимыл шеңберінде халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейту, көлік-логистикалық байланыстылықты арттыру және азаматтардың іскерлік әрі туристік ұтқырлығы үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытында тұрақты негізде кешенді жұмыс жүргізуде.
Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде Еуропа елдерінде тұратын отандастар мен қандастардың кездесуі өтті. Іс-шара Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ «Отандастар қоры» КЕАҚ және Қазақстан-француз-түрік қауымдастығы (AKFT) бірлесе өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ диаспорасының бірлігін нығайту, тарихи Отанмен байланыстарды дамыту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту.
Іс-шара аясында «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері мен қазақ бірлестіктерінің жетекшілері мен белсенділері қатысқан дөңгелек үстел өткізді. Кездесу барысында Қордың вице-президенті Әлібек Жұрқадам ұйым қызметі мен іске асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат беріп, қатысушыларды бірлескен бастамаларға белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ ықтимал ынтымақтастық бағыттары мен алдағы бірлескен жобалар талқыланды.
2026 жылғы 10 маусымда Қазан қаласында (Ресей Федерациясы) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтеді.
Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев басқарады.
Кездесу барысында сыртқы істер ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, сондай-ақ ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы қазіргі сын-қатерлер мен қауіптер бойынша пікір алмасады.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар саяси мәлімдемелер мен құжаттарды қабылдау, оның ішінде 2030 жылға дейінгі ҰҚШҰ-ның Терроризмге қарсы стратегиясының жобасын мақұлдау жоспарлануда.
Қазақстан тарапынан қатысу ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ықпал етеді.
Белгілі болғандай, 2026 жылғы 11 маусым мен 19 шілде аралығында Америка Құрама Штаттарында, Канадада және Мексикада футболдан әлем чемпионаты өтеді. Бұл шараға көптеген шетелдік жанкүйерлер, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары да қатысады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі чемпионат матчтарына және өзге де іс-шараларға баруды жоспарлаған азаматтарға жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударып, күшейтілген сақтық шараларын сақтауды ұсынады.
Өздеріңізбен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін үнемі алып жүру, жергілікті құқық қорғау органдары мен іс-шара ұйымдастырушыларының талаптарын қатаң сақтау, қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлау және тек ресми көлік қызметтерін пайдалану ұсынылады.
Сондай-ақ ресми емес жаппай жиналыстар мен чемпионаттың ресми аймақтарынан тыс адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуға, жеке заттар мен құжаттарды қараусыз қалдырмауға, қоғамдық орындарда сақ болуға және жергілікті билік, турнир ұйымдастырушылары мен төтенше қызметтердің хабарламаларын мұқият қадағалауға шақырамыз.
Тиісті елдерде болу және транзиттік өту ережелерін, визалық талаптарды қатаң сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда дереу жергілікті жедел қызметтерге хабарласып, Қазақстан Республикасының дипломатиялық және консулдық мекемелерімен байланыста болу қажет.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен шетелдегі мекемелер жағдайды тұрақты түрде бақылауда ұстап, өз құзыреті шегінде азаматтарға қажетті консулдық көмек көрсетуді жалғастырады.