Қазақстан мен Еуропалық Одақ әріптестікті тереңдетудің жаңа стратегиялық мақсаттарын айқындады

Қазақстан мен Еуропалық Одақ әріптестікті тереңдетудің жаңа стратегиялық мақсаттарын айқындады

Астана, 2026 жылғы 29 мамыр – Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер Министрінің орынбасары Арман Исетовтің және еуропалық тараптан Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Одроне Перкаускененің төрағалығымен Ынтымақтастық комитетінің саяси конфигурациядағы 23-ші отырысы өтті.

Тараптар Қазақстандағы саяси реформалардың серпінін, сондай-ақ тиімді мемлекеттік басқару, сот реформасы және заң үстемдігі салаларындағы диалогты егжей-тегжейлі талқылады.

Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мәселелеріне, оның ішінде Global Gateway бастамасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Қазақстан мен Еуропалық Одақ көлік-логистикалық өзара байланыстылықты күшейту, жасыл энергетика, қоршаған ортаны қорғау, маңызды шикізат материалдарын жеткізу және Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуетін кеңейту сияқты салалардағы әріптестікті одан әрі нығайтудың стратегиялық бағдарларын айқындады.

Сондай-ақ академиялық ұтқырлықты арттырудың, Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламалары аясындағы ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді.

«Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық әріптесі болып қала береді. Өткен жылы өзара сауда көлемі 45 млрд АҚШ долларына жетті. 2005-2025 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық капиталдың көлемі 200 млрд АҚШ долларынан асты. Қазіргі уақытта елімізде 4 мыңнан астам еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Біз еуропалық бизнестің Қазақстанға және тұтастай өңірімізге Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық транзиттік хаб ретінде артып отырған қызығушылығын жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті А. Исетов.

Өз кезегінде О. Перкаускене Қазақстанмен стратегиялық әріптестіктің қазіргі серпінін жоғары бағалап, Еуропалық Одақтың барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және ортақ халықаралық сын-қатерлерді еңсеру үшін күш-жігерді біріктіруге мүдделі екенін атап өтті.

Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету перспективалары талқыланды. Тараптар консулдық-визалық саладағы диалогты жандандырудың және өзара іс-қимылды одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы екіжақты өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.

Аталған диалог алаңы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті күн тәртібін талқылау және салалық мемлекеттік органдардың кең ауқымды мәселелері бойынша ұстанымдарды өзара үйлестірудің белсенді тетігі болып табылады.