
Мәскеу, 2026 жылғы 29 мамыр - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезекті ведомствоаралық екіжақты консультациялар өтті.
Консультациялар барысында тараптар биологиялық қауіпсіздік саласындағы өңірлік және жаһандық деңгейдегі ағымдағы жағдай туралы өзекті ақпаратпен алмасты, сондай-ақ екіжақты, өңірлік және көпжақты форматтарда ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру бастамасын ілгерілету контекстінде өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Тараптар ғылыми алмасу, бейінді мамандарды даярлау, сондай-ақ шекаралас аумақтардағы эпидемиологиялық жағдайды мониторингтеу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.