Қазақстан Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты

Қазақстан Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты

Нью-Йорк, 2026 жылғы 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ штаб-пәтерінде Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Идің төрағалығымен өткен «Жаһандық басқаруды реформалау және жетілдіру; жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп ден қою» тақырыбындағы Жаһандық басқару мәселелері жөніндегі достар тобының отырысына қатысты.

Өз сөзінде Е.Ашықбаев Қазақстанның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, БҰҰ-ның орталық рөлін қолдауға және неғұрлым әділетті, инклюзивті әрі теңгерімді жаһандық басқару жүйесін ілгерілетуге бейілділігін растады. Цифрлық алшақтықты қысқарту, жаңа технологияларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Осы тұрғыда қазақстандық дипломат Алматы қаласында құрылып жатқан БҰҰ АзТМЭӘК қамқорлығындағы Орнықты даму мүддесіндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын және Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның ОДМ жөніндегі Өңірлік орталығын таныстырды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Су мәселелері жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар көпжақтылықты, халықаралық құқықты және жаһандық басқару жүйесіндегі БҰҰ-ның орталық рөлін нығайтуға бейілділікті растайтын бірлескен коммюнике қабылдады.