Астана, 2026 жылғы 18 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Польша Сеймінің депутаты, «Польша-Қазақстан» достық тобының төрайымы Барбара Бартущ жетекшілігіндегі топ мүшелерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қазақ-поляк ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оның даму перспективаларын, оның ішінде, парламентаралық диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
А.Исетов екі ел парламенттері арасындағы байланыстарды жандандырудың өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мен бірлескен бастамаларды ілгерілету тұрғысынан маңыздылығын атап өтіп, орнатылған «белсенді саяси, мәдени-гуманитарлық және экономикалық диалогты» жоғары бағалады.
Өз кезегінде, Б.Бартущ «Қазақстан Польша үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес болып табылатынына» назар аударып, өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.
Сұхбаттастар Астана мен Варшаваның өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін елеулі әлеуетке ие екеніне тоқталды. Осы тұста 2026 жылғы сәуірде Астана қаласында 10-шы отырысы өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның үйлестіруші рөліне назар аударды.
Сонымен қатар елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар жөнінде пікір алмасылды. Поляк тарапы жүзеге асырылып жатқан өзгерістерді құптап, олардың мемлекеттің институционалдық дамуы үшін маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-поляк серіктестігін одан әрі тереңдетуге және сындарлы диалогты жалғастыруға дайындығын растады.