Нью-Дели, 2026 жылғы 15 мамыр – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев 14-15 мамырда Нью-Делиде өткен БРИКС Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.
Іс-шарада халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды өзекті мәселелер, соның ішінде жаһандық басқару жүйесін реформалау перспективалары, көпжақты өзара іс-қимылды нығайту, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, сондай-ақ цифрлық трансформация, энергетика саласындағы кооперация және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл шаралары қарастырылды.
Е. Ашықбаев өз сөзінде көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, халықаралық көлік және логистикалық дәліздер мен байланыстарды дамытудың, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні ілгерілетудің, сондай-ақ жасыл энергия мен маңызды минералдарды дамытуды қоса алғанда, өнеркәсіптік кооперацияны, технологиялар алмасуды және энергетикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын айтты. Ол сондай-ақ БРИКС-тің әділ, инклюзивті және теңгерімді жаһандық басқару архитектурасын құрудың негізгі тетігі ретіндегі маңыздылығының артып келе жатқанын атап өтті. Қазақстанның БРИКС-тің серіктесі ретіндегі тәжірибеге бағытталған ынтымақтастыққа деген бейілділігін растай отырып, ол сауда, инвестиция, көлік байланысы және инновациялық даму саласындағы байланыстарды тереңдетуге басымдық берді.
Энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қоса алғанда, орнықты даму мәселелеріне, сондай-ақ дамушы елдердің мүдделерін ескере отырып, климаттық күн тәртібін ілгерілетуге ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Е.Ашықбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су саласындағы әртүрлі халықаралық күш-жігерді шоғырландыруға бағытталған БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру бастамасын атап көрсетті.
Сонымен қатар іс-шара аясында Е.Ашықбаев Үндістанның Сыртқы істер министрі Субрахманьям Джайшанкармен, сондай-ақ БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестердің сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.
Кездесудің қорытындысы бойынша БРИКС форматындағы кооперацияны одан әрі нығайтуға және орнықты дамуды қамтамасыз етуге және жаһандық экономикалық тұрақтылықты арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілетуге өзара мүдделілік расталды.
Қазақстан Республикасы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап БРИКС-тің серіктес елі болып табылады. 2026 жылы Үндістан Республикасы «Төзімділікті, инновацияларды, ынтымақтастықты және орнықты дамуды қалыптастыру» ұранымен БРИКС-ке төрағалық етеді.