Астана қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың Ұлыбританияның Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі сауда комиссары Дэвид Ридпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында қазақ-британ сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестігін одан әрі нығайту перспективалары, сондай-ақ Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның алдағы отырысы күн тәртібінің басым бағыттары талқыланды.
Екіжақты сауданың оң серпіні және оны одан әрі арттырудың айтарлықтай әлеуеті атап өтілді. Осы тұрғыда Қазақстан Ұлыбританияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесі екені атап көрсетілді: Ұлыбританияның өңір елдерімен шамамен 5 млрд фунт стерлинг көлеміндегі саудасының 2,7 млрд фунт стерлингке жуығы Қазақстанға тиесілі.
Маңызды пайдалы қазбалар, энергетика, инфрақұрылым, көлік және логистика, қаржылық қызметтер, цифрландыру, жасанды интеллект және білім беру салаларындағы инвестициялық өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстанның стратегиялық орналасуын және Еуропа мен Азия арасындағы орнықты жеткізу тізбектерін қамтамасыз етудегі рөлін ескере отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытудағы ынтымақтастық әлеуеті жеке атап өтілді.
Сонымен қатар Қазақстандағы инфрақұрылымдық, энергетикалық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру үшін британдық тәжірибе мен қаржылық құралдарды тарту мүмкіндіктері қарастырылды. Осы тұрғыда ратификацияланған Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім нақты өзара тиімді жобаларды ілгерілетуге, институционалдық өзара іс-қимылды кеңейтуге және екіжақты күн тәртібінің негізгі бағыттары бойынша уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға қолайлы негіз қалыптастыратыны атап өтілді.
Кездесу барысында гуманитарлық және білім беру салаларындағы байланыстардың жандануы, соның ішінде Қазақстанда британдық университеттердің қатысуының кеңеюі атап өтілді. Білім беру, кадрлар даярлау және инновациялық экожүйені дамыту ұзақ мерзімді экономикалық әріптестіктің маңызды элементтері ретінде белгіленді.
Кездесу қорытындысы бойынша қазақ-британ стратегиялық әріптестігін одан әрі тереңдетуге, өзара сауданы кеңейтуге және қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға дайындық расталды.