Астана, 2026 жылғы 5 мамыр - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-ның даму құқығы мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашысы Сурия Деваны қабылдады. Сапар Қазақстан тарапының шақыруы бойынша адам құқықтарының ажырамас бөлігі болып табылатын даму құқығын іске асыру саласындағы ұлттық тәжірибені зерделеу мақсатында өтуде.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы, оның ішінде 2026 жылғы 15 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануы жөнінде ақпарат берді.
Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, Конституциялық Соттың рөлін күшейтуге, адам құқықтарын қорғау институттарын дамытуға, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу тетіктерін кеңейтуге, сондай-ақ әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдіруге және халықтың осал топтарын қолдау кепілдіктерін нығайтуға ерекше назар аударылды.
С. Дева Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға, оның ішінде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайту тұрғысындағы шараларға оң баға берді. Осы тұрғыда Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетудегі рөлі, сондай-ақ оның өңірлік және жаһандық деңгейлердегі халықаралық бастамалары талқыланды.
Тараптар адам құқықтары саласындағы ашық және сындарлы диалогты жалғастыруға, сондай-ақ тұрақты және инклюзивті өсудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде даму құқығын одан әрі ілгерілетуге бейілділігін растады.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Арнайы баяндамашылары – жекелеген мемлекеттер немесе тақырыптар бойынша адам құқықтары саласындағы тәуелсіз сарапшылар. Олар өз өкілеттіктерін жеке қасиетінде жүзеге асырады, елдерге сапарлар жасайды, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ өз баяндамаларын БҰҰ-ның тиісті органдарына ұсынады.