Астана, 2026 жылғы 30 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының өзекті мәселелерінің кең ауқымын, алдағы биік және жоғары деңгейдегі сапарлар кестесін талқылады, сондай-ақ өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысты растады.
«Елдеріміз арасындағы кешенді ынтымақтастық жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дәйекті түрде дамып келеді», – деп атап өтті Е.Көшербаев.
Келіссөздер барысында РФ Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар жоғары деңгейдегі тұрақты әрі мазмұнды байланыстар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамытуда айқындаушы мәнге ие екендігін, одан арғы бірлескен жұмыстың стратегиялық бағытын айқындайтынын және қол
жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асыруды қамтамасыз ететінін атап өтті.
Қазақстан СІМ басшысы Ресейдің Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 27 млрд АҚШ долларынан асты, сонымен қатар өзара сауданы одан әрі ұлғайту және кооперацияны кеңейту үшін айтарлықтай әлеует сақталуда.
Инвестициялық ынтымақтастық та табысты дамып келеді. Соңғы 20 жылда Ресейдің Қазақстан экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 29,3 млрд АҚШ долларын, ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициялары 9 млрд АҚШ долларын құрады. Ресейлік компаниялар өнеркәсіп, энергетика, көлік және басқа да салалардағы ірі бастамаларды іске асыруға белсенді қатысуда.
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қозғаушы күштерінің бірі өнеркәсіптік кооперация болып қала береді. Ынтымақтастықтың жаңа және перспективалы бағыттарына цифрлық шешімдер, жасанды интеллект және жоғары технологиялар салалары енгізілді. Энергетика және көлік-логистика салаларында да өзара іс-қимылдыңелеулі әлеуеті сақталуда. Сұхбаттастар «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін, «Батыс Еуропа -Батыс Қытай» автомагистралін дамыту және шекара маңындағы инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Экология, климаттың өзгеруі және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасу барысында 2026 жылғы 22-23 сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындылары талқыланды. Тараптар осы салада іс жүзіндегі ынтымақтастықты ілгерілету қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді.
Сұхбаттастар мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл деңгейіне қанағаттанушылық білдіріп, Астанада табысты өткен Ресей күндері екі ел арасындағы дәстүрлі белсенді мәдени алмасудың заңды жалғасы екенін атап өтті.
Білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Бұл ретте аталған салада іске асырылып жатқан жобалар кадрлар даярлауға және екі елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция екендігі аталып өтті. Осы тұрғыда екі мемлекет аумағында қазақстандық-ресейлік мектептерді салу жобалары, сондай-ақ бірлескен білім беру бастамаларын дамыту, оның ішінде Астана мен Алматы қалаларында «Сириус» мектебінің филиалдарын ашу мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда Қазақстанда жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп жатқаны аталып өтті. Сонымен қатар 2025 жылы Омбыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және Астанада МХҚМИ-ның филиалдары
ашылды. Сонымен бірге Ресейде шамамен 60 мың қазақстандық студент білім алуда.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2027-2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.