Астана, 2026 жылғы 24 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке қатысу үшін Астанаға сапармен келген БҰҰ Бас хатшысының апаттар тәуекелін азайту мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі – БҰҰ-ның Апаттар тәуекелін азайту басқармасының (UNDRR) басшысы Камал Кишормен кездесті.
Кездесу барысында Министр Қазақстанның 2015–2030 жж. арналған Апаттар қаупін азайту жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарламасын іске асыруға бейілділігін растады. Атап айтқанда, халықаралық міндеттемелер аясында превентивтік шараларды енгізу, тәуекелдерді талдау және қалалық инфрақұрылымды климаттың өзгеруіне бейімдеу бағытындағы жұмысқа назар аударылды.
Е.Көшербаев Орталық Азия елдерінің 2022 - 2030 жж. арналған апаттар қаупін азайту саласындағы ынтымақтастығының Өңірлік стратегиясын әзірлеуге UNDRR-дың қатысуын ерекше атап өтті. Бұл құжат өңір мемлекеттерінің үйлестірілген іс-қимылына негіз қалады.
К.Кишор қазақстандық тарапқа жылы қабылдау көрсеткені және Өңірлік экологиялық саммиттің мазмұнды бағдарламасы үшін алғыс білдірді. Саммит аясында UNDRR делегациясы табиғи және техногендік апаттардың алдын алу және олардың салдарын жою бойынша бірлескен шараларды, атап айтқанда, су және энергетикалық қауіпсіздікті арттыру, климат өзгеруіне төзімділікті және экономикалық дамуды күшейту, сондай-ақ Орталық Азияның төтенше жағдайлар органдары мен БҰҰ арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.
Тараптар сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі инклюзивтілік мәселесіне және осал топтарды қорғау, климаттық сын-қатерлер мен су күн тәртібіне, сондай-ақ Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығының (CESDRR) қызметіне ерекше тоқталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар төтенше жағдайлардың алдын алу саласында озық тәжірибелерді енгізу бойынша диалогты жалғастыруға келісті.