Астана, 2026 жылғы 23 сәуір – ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Астанаға Өңірлік экологиялық саммитке қатысу үшін сапармен келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлымен кездесті.
«Климаттың өзгеруінің өзекті мәселелеріне арналған Өңірлік экологиялық саммитке белсенді қатысқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Бұл іс-шараның күн тәртібі ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық өлшеміне сәйкес келеді», - деп атап өтті министр.
Е.Көшербаев Орталық Азияның «жасыл» күн тәртібін ілгерілетуге үлкен мән беретініне назар аударды. Осы орайда, саммит климаттың өзгеруін азайтуға, су ресурстарын сақтауға және өңір алдында тұрған басқа да экологиялық мәселелерді шешуге бірлескен тәсілдерді әзірлеу үшін маңызды платформаға айналды.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Халықаралық су ұйымын құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.
Сыртқы істер министрі Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен серіктестігін дамытуға маңызды мән беретінін, Ұйымның негізін қалаушы қағидаттарына бейілділігін қайта растады.
Өз кезегінде, Ф. Синирлиоғлы Қазақстан тарапына жылы қабылдау үшін алғыс айтты. Ол ЕҚЫҰ-ның өңір елдеріне климаттың өзгеруіне бейімделуде және таза энергияға көшуде қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін растады және Ұйым қызметінің барлық үш өлшемі бойынша ЕҚЫҰ-ның сенімді серіктесі ретіндегі Қазақстанның белсенді рөлін жоғары бағалады.
Тараптар Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады және өңір мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесуден кейін тараптар ЕҚЫҰ өңірінде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды нығайтуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделіліктерін растады.