Қазақстан Сыртқы істер министрі ТМҰ Бас хатшысын қабылдады

Қазақстан Сыртқы істер министрі ТМҰ Бас хатшысын қабылдады

Астана, 2026 жылғы 23 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевті қабылдады.

Министр Қазақстан ТМҰ-ның құрылуына бастамашы мемлекет ретінде түркі интеграциясын одан әрі дамыту мен нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Осы тұрғыда, өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша іс жүзіндегі ынтымақтастықты тереңдетудің және бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығына көңіл аударды.

Бас хатшы Өңірлік экологиялық саммиттің (ӨЭС) жұмысын жоғары бағалап, мұндай ауқымды іс-шараның қорытындылары орнықты тәжірибелерді енгізуге және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Сонымен бірге К.Омуралиев ӨЭС аясында өткен ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің Қоршаған орта және экология министрлерінің 2-отырысының нәтижелері туралы хабардар етті.

Кездесудің күн тәртібі Қазақстан Республикасының ТМҰ-мен өзара іс-қимылының мәселелерін және әлемдік өзекті проблемалар мен өңірдегі ахуал бойынша пікір алмасуды қамтыды.