Астана, 2026 жылғы 21 cәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуамен Қазақстан мен БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы ынтымақтастығын талқылау бойынша кездесу өткізді.
Сыртқы саяси ведомствоның басшысы Қазақстанның БҰҰ Жарғысы қағидаттарына және көпжақты дипломатияны нығайтуға бұлжымас бейілділігін растады. Министр Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке (ӨЭС) қатысатын БҰҰ делегациясының жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, саммитті ұйымдастыру аясындағы жемісті ынтымақтастығы үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке алғысын білдірді.
Өз кезегінде, Ли Цзюньхуа Қазақстанның БҰҰ реформасына жан-жақты қолдауын, оның ішінде өңір елдерінің мүдделері мен қажеттіліктерін ескеретін және ұйымның жергілікті деңгейдегі тиімділігін арттыруға бағытталған елдік бастамаларын жоғары бағалады.
Тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарына, оның ішінде Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін орнықты даму жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығын іске қосу бағытындағы бірлескен жұмысқа жеке тоқталды.
Е.Көшербаев су дипломатиясын дамытуға және осы мәселеде мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруге бағытталған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымындағы Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын ілгерілету бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы ақпараттандырды. Осы ретте сыртқы саяси ведомствоның басшысы Ли Цзюньхуаны аталған тақырыпта ӨЭС аясында өтетін алғашқы консультацияларға қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы стратегиялық диалогты нығайту бойынша жұмысты жалғастыру ниетін өзара растады.