Мәскеу, 2026 жылғы 17 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Орталық Азия - Ресей» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуіне қатысты.
Кездесу барысында тараптар 2025 жылғы қазанда Душанбе қаласында өткен «Орталық Азия - Ресей» екінші саммитінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды. Күн тәртібіне сауда, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары енгізілді. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша пікір алмасу өтті.
«Орталық Азия мен Ресейдің экономикалық әлеуетінің үйлесуі жан-жақты әріптестікті нығайтудың ұзақ мерзімді перспективаларын ашып, болашақ жетістіктер мен ынтымақтастықтың жаңа көкжиектеріне берік негіз қалыптастырады», – деп Е.Көшербаев өз сөзінде атап өтті.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір мен Ресей арасындағы жиынтық тауар айналымы 6,5 пайызға артып, шамамен 50 млрд АҚШ долларына жетті, бұл көлемнің жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Сауда көлемінің өсуімен қатар, инвестициялық ынтымақтастық және өнеркәсіптік кооперация саласындағы өзара іс-қимыл да дәйекті түрде кеңеюде. Тек Ресеймен Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 55 млрд доллардан асатын 177 жобаның пулы құрылды, оның 122-сі іске асырылды. Бұл «Орталық Азия - Ресей» форматындағы экономикалық өзара іс-қимылдың ауқымы мен нысаналы сипатын айқын растайды.
Қазақстан СІМ басшысы өңірлік қауіпсіздік мәселелерінің өзектілігін атап өтіп, заманауи сын-қатерлер мен қауіптердің барған сайын күрделене түсіп, келісілген жауаптарды талап ететінін атап өтті.
«Мұндай жағдайда терроризмге, экстремизмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, есірткі трафигіне, қарудың заңсыз саудасына және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жөніндегі күш-жігерді үйлестіру ерекше маңызға ие», – деді Е.Көшербаев.
Орталық Азияның Ресеймен өзара іс-қимылының берік тіректерінің бірі болып табылатын білім беру, мәдениет және адам арасындағы байланыстарды қоса алғанда, гуманитарлық өлшем мәселелеріне жеке назар аударылды
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар «Орталық Азия - Ресей» форматындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейілділіктерін растап, оның орнықты өңірлік дамуды қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті және қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.