Мәскеу, 2026 жылғы 17 сәуір – Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты.
«Биыл ТМД-ның құрылғанына және Алматы декларациясына қол қойылғанына 35 жыл толып отыр. Бүгінде Алматы келісімінің қабылдануының арқасында өңірімізде бейбітшілік, ынтымақтастық пен тату көршіліктің түбегейлі жаңа парадигмасы қалыптасты деп сеніммен айтуға болады», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.
Министр сондай-ақ күрделі геосаяси жағдайға қарамастан ТМД кеңістігіндегі тұрақтылық пен ынтымақтастық ахуалы сақталып отырғанын атап өтті. Сауданың дәйекті кеңеюі, кооперация мен көлік байланысының дамуы сыртқы күйзелістерді теңестіруге және өсудің жаңа көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«ТМД шеңберіндегі үйлестіру мен өзара іс-қимылды одан әрі нығайту біздің байырғы мүдделерімізге сай келеді және Достастық мемлекеттерінің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды факторы», - деп қосты ол.
Е. Көшербаев ТМД шеңберіндегі ынтымақтастықтың түрлі аспектілері бойынша Қазақстанның ұстанымын баяндап, Ұйымның одан әрі дамуына бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді.
Кездесу барысында қатысушылар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, цифрлық және көлік-транзиттік салалардағы өзара іс-қимылды жандандыруға ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары әлеуметтік даму және өмір сапасы, кәмелетке толмағандарды тұрақты тұратын мемлекеттеріне қайтару, сондай-ақ білім беру және ағартушылық қызмет салалары бойынша бірқатар құжаттарды келісті.
Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы ахуал мен адамның ғарышқа алғашқы ұшуының 65 жылдығына орай бірлескен мәлімдемелер де қабылданды.
Кездесу соңында тараптар ТМД шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамытуға және осы Ұйымның көпқырлы әлеуетін одан әрі нығайтуға бейілділіктерін растады.
Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы 2026 жылдың қазан айында Түрікменстанда өтеді.