Қазақстан мен БҰҰ жаһандық су күн тәртібі мәселелерін талқылады

Қазақстан мен БҰҰ жаһандық су күн тәртібі мәселелерін талқылады

Астана, 2026 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев БҰҰ Бас хатшысының су мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Ретно Марсудимен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Е. Көшербаев су қауіпсіздігі саласындағы өсіп келе жатқан жаһандық сын-қатерлер аясында Арнайы өкіл мандатының маңыздылығын атап өтті. Бұл сын-қатерлердің ушығуы экономикалық, экологиялық және әлеуметтік дағдарыстардың катализаторы болуы мүмкін екені айтылды.

Сыртқы істер ведомствосының басшысы Р. Марсудидің Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит қарсаңындағы сапарының маңыздылығын атап өтіп, іс-шара аясында су қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылатынын жеткізді.

Осы орайда Е. Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы туралы ақпарат берді. Бұл бастама су ресурстарына қолжетімділік үшін туындайтын қақтығыс қаупіне байланысты жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қатерлер күшейген жағдайда ерекше өзектілікке ие болып отыр.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаһандық және өңірлік су күн тәртібі мәселелері бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға, соның ішінде Алматы қаласындағы БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі өңірлік орталығы алаңында конструктивті диалогты жалғастыруға уағдаласты.