
Торонто, 2026 жылғы 13 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Торонто қаласына жұмыс сапарымен барып, оның аясында дөңгелек үстелге қатысып, бейінді министрліктің басшылығымен және іскерлік топтардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Ә.Қуантыров пен Онтарио провинциясының Экономикалық даму, жұмыс орындарын құру және сауда министрлігінің орынбасары Сюзанна Скиннердің тең төрағалығымен «Қазақстан-Канада диалогы: салааралық өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстанмен іскерлік әріптестік орнатуға мүдделі 25-тен астам канадалық компания қатысты.
Іс-шара барысында Ә.Қуантыров Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерін таныстырып, елдің инвестициялық мүмкіндіктерін, оның ішінде өңірлік көлік-логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін ұсынды. Канадалық қатысушылар Қазақстан нарығына жоғары қызығушылық танытып, елдің тұрақты экономикалық өсімі мен технологиялық дамуын ерекше атап өтті.
Сапар аясында Ә.Қуантыров Онтарио провинциясының Экономикалық даму, жұмыс орындарын құру және сауда министрі Виктор Феделимен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың, оның ішінде Онтарио провинциясымен ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтті. Өз кезегінде, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары 2025 жылы Астанада өткен Онтарио бизнес-миссиясының нәтижелеріне жоғары баға беріп, В.Феделиді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Сонымен қатар, Ә.Қуантыров бірқатар канадалық компаниялармен кездесулер өткізді.
Аталған сапар тараптардың сауда-экономикалық әріптестікті тереңдетуге және экономиканың басым секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.