Астана, 2026 жылғы 14 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Максим Рыженковпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ екі елдің халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимылын талқылады.
«Беларусь – Қазақстанның маңызды саяси әрі экономикалық серіктесі, және біз сіздің еліңізбен стратегиялық қатынастарды жан-жақты нығайтуға ерекше мән береміз. Қазақстан мен Беларусь арасындағы қол жеткізілген жоғары деңгейдегі өзара іс-қимыл екі ел көшбасшыларының мемлекетаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған саяси ерік-жігері мен дәйекті ұстанымының нәтижесі екені сөзсіз», – деді Е. Көшербаев.
Сұхбат барысында тараптар өзара тауар айналымын, инвестицияларды және өнеркәсіптік кооперацияны арттыру шараларына ерекше назар аударды.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 30 %-ға өсіп, 1,2 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткішті бекіту және одан әрі арттыру – маңызды міндет. Экономикаларымыздың ресурстары бұл үшін тиісті әлеует пен мүмкіндіктерге ие», – деді Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы.
Е. Көшербаев әріптесін Қазақстан экономикасына шетелдік инвестиция тарту бойынша қабылданып жатқан жеңілдіктер мен шаралар туралы, сондай-ақ әлемдік қаржы институттарының үздік тәжірибесіне негізделген «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі жөнінде хабардар етті.
Басым бағыттардың қатарында транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастық та болды. Ү.ж. қаңтар–ақпан айларында теміржол жүк тасымалы 1,1 млн тоннаға жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 %-ға артқаны атап өтілді.
Сонымен қатар, Е. Көшербаев Қазақстанның отандық цифрлық шешімдерді экспорттау бағытындағы белсенді жұмысын атап өтіп, Беларусь мамандарын цифрландыру және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастыққа шақырды.
Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, жоғары және ең жоғары деңгейдегі алдағы іс-шараларға дайындық барысын қарастырды.
Қазақстан Сыртқы істер министрі М. Рыженковтың алғашқы сапары екіжақты қатынастар тарихындағы маңызды оқиғамен – Беларусь Республикасының Қазақстандағы ең ірі мегаполисі Алматы қаласында Бас консулдығының ашылуымен тұспа-тұс келетінін атап өтті. Ол бұл қадам екіжақты байланыстарды дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға және кеңейтуге дайын екендіктерін растады.