
Астана, 2026 жылғы 9 сәуір – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы ұйымдастырған Инвестицияларды қорғау форумы өтті. Іс-шара инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және тұрақты инвестициялық ахуалды қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Іс-шараға ҚР Бас Прокуроры Б.Асылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.Скляр, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Д.Еспаева, «Атамекен» ҰКП Президиумының Төрағасы К.Шарлапаев, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Б.Ералы және инвестор – компаниялардың бірқатар басшылары қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өз сөзінде Қазақстанның қазіргі инвестициялық саясаты тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жоғары инвестициялық тартымдылықты қолдауға бағытталған кешенді шаралар жүйесін көздейтінін атап өтті.
«Тәуелсіздік алған сәттен бастап ел экономикасына 480 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 20,5 млрд АҚШ долларын құрап, өсім 14,4%-ды көрсетті», – деді Ә.Қуантыров.
Ол өңдеуші өнеркәсіп пен қаржы секторы өсімнің негізгі драйверлері болғанын атап өтті. Бұл инвестициялық екпіннің шикізат өндіруден әртараптандырылған, тұрақты және қосалқы құнға бағдарланған экономика қалыптастыруға біртіндеп ауысып жатқанын куәландырады.
«Инвесторлармен жұмыстағы таргеттелген тәсілдің нәтижесінде бүгінгі күні жалпы сомасы 2,5 млрд АҚШ долларынан асатын инвестициямен бірқатар ірі халықаралық компаниялар тартудың сәті туды. Өткен жылы шетелде шетелдік компаниялармен шамамен 1200 кездесу өткізіліп, олардың Қазақстанға 200-ге жуық сапары қамтамасыз етілді», – деп қосты СІМ басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол шетелдік серіктестермен бірізді әрі үйлестірілген жұмыс жүргізу үшін арнайы «task force» тетігі құрылғанын хабарлады. Бас прокуратурамен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инвесторлардың проблемалық мәселелерін жедел шешу бойынша шаралар қабылдануда, сондай-ақ инвестициялық процестер цифрландырылып, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда екенін айтты.