Қазақстан мен Армения мемлекетаралық ынтымақтастықты арттыруды көздеуде

Қазақстан мен Армения мемлекетаралық ынтымақтастықты арттыруды көздеуде

Ереван, 2026 жылғы 9 сәуір –Армения Республикасына ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Премьер-министр Никол Пашинянмен кездесті.

Сыртқы саяси ведомствоның басшысы Н.Пашинянға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді.

«Мемлекет басшыларының күш-жігері арқасында Қазақстан мен Армения арасындағы екіжақты қатынастар сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Орнықты саяси диалог жолға қойылды, жоғары және биік деңгейде тұрақты байланыстар сақталып, үкіметаралық комиссия арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастық үйлестірілуде, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім беру байланыстары белсенді дамуда», – деп атап өтті Е.Көшербаев.

Министр Оңтүстік Кавказ өңіріндегі жаңа геосаяси жағдай екі елдің экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашқанын қанағаттанушылықпен айтты. Атап айтқанда, өткен жылы Ресей, Әзербайжан және Грузия аумақтары арқылы теміржол бағыты бойынша Арменияға қазақ астығын экспорттау қайта жанданды. Осыған байланысты Министр Арменияға ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда астық пен етті ұзақ мерзімді жеткізуге мүдделілігін растады.

Тараптар 2026-2030 жылдарға арналған Қазақстан мен Армения Үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасын тиімді іске асыру аясында көлік-транзит және сауда салаларындағы қатынастарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Қазақстанның СІМ басшысы сондай-ақ елдер арасында тұрақты тікелей әуе қатынасын жолға қою бойынша қабылданып жатқан шаралар хабарлады.

Сондай-ақ сұхбаттасушылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, осы ынтымақтастық жолында Қазақстан мен Армения бірлескен жұмыстың оң тәжірибесін жинақтағанын және бүгінгі таңда тараптардың ұстанымдары көптеген мәселелер бойынша ұқсас екенін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар бірлескен күш-жігер арқылы екіжақты және көпжақты форматтарда мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға жәрдемдесу ниеттерін растады.