Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы кезекті саяси консультациялар өтті

Астанада Қазақстан мен Қытай арасындағы кезекті  саяси консультациялар өтті

Астана, 2026 жылғы 7 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі (министр орынбасары деңгейінде) Лю Бинь екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы кезекті саяси консультацияларды өткізді.

Консультациялар барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін жан-жақты талқылады, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы өзара ықпалдасу жөнінде пікір алмасты. Дипломаттар биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын мұқият қарастырып, екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытындағы қазақ-қытай қатынастарының оң серпінін баса айтты.

Сұхбаттастар екі елде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға бөлек назар аударып, осы жылы наурызда Қазақстандағы конституциялық референдумның және Қытайдағы «екі сессияның» сәтті аяқталуын мемлекеттердің тұрақты даму мен жаңғыртудың маңызды кезеңдері ретінде атап өтті.

Сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірлескен күш-жігерге ерекше көңіл бөлінді. Өнеркәсіптік-инвестициялық, энергетикалық, транзиттік-көліктік және инновациялық ынтымақтастықты дамытуда, соның ішінде Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайтуда бірлескен тәсілдерді әзірлеу қажеттігіне көңіл бөлінді.

Делегация басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, жаһандық тұрақтылықтың негізгі бағыттары бойынша көзқарастардың жақындығын растады, сондай-ақ биылғы жылы жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі сапарлар мен іс-шараларға дайындық барысын қарастырды.

Тараптар БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматын қоса алғанда халықаралық және аймақтық құрылымдар аясындағы үйлестіруді одан әрі тереңдетуге ниеттілігін білдірді.

Консультациялардың қорытындысы бойынша сұхбаттастар Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға, тату көрші, өзара құрмет, тең құқықтық және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген ықпалдасуға берік екендерін растады.