Астана, 2026 жылғы 6 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Астанаға жұмыс сапармен келген Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі статс-министрі Гюнтер Крихбауммен кездесті.
Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Германия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму әлеуетін талқылады.
Көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылға, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, сондай-ақ Германия компанияларының Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына ерекше назар аударылды.
Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде көпжақты алаңдардағы күш-жігерді үйлестіру бойынша пікір алмасылды.
Кездесу қорытындысы бойынша серіктестікті одан әрі нығайтуға және барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік расталды.