Қазақстан мен Грузия СІМ басшылары өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету жоспарларын талқылады

Қазақстан мен Грузия СІМ басшылары өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету жоспарларын талқылады

Тбилиси, 2026 жылғы 7 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Тбилисиге сапарының шеңберінде Грузияның Cыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында тараптар орнықты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделілікке негізделген прагматикалық және көпқырлы сипаттағы қазақ-грузин қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

«Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказдағы сенімді саяси және экономикалық әріптес ретінде қарастырады, онымен Қазақстанды ғасырлар бойғы достық пен өзара көмек дәстүрлері байланыстырады», – деді Е.Көшербаев келіссөздер барысында.

Қазақстан СІМ басшысы екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді бүгінгі мазмұнды талқылау үшін берік негіз қалаған жоғары және биік деңгейдегі байланыстардың маңыздылығын атап өтті. Грузия Премьер-Министрі Ираклий Кобахидзенің 2025 жылғы ақпанда Қазақстанға ресми сапарының қорытындысы қазақ-грузин қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беріп, екіжақты өзара іс-қимылға қосымша серпін бергені атап өтілді.

Мәселелердің экономикалық блогын талқылау барысында тараптар тауар айналымы өсімінің оң серпініне, Грузия экономикасына 600 млн АҚШ долларынан асатын қазақстандық инвестициялар көлеміне, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың логистика, энергетика және қаржы салаларындағы жобаларды іске асыруға белсенді қатысуына қанағаттанушылықтарын білдірді.

Өзара іс-қимылдың негізгі басымдықтарының бірі Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (ТХТМ) дамыту болып қалатыны аталып өтті.

«Біздің ортақ міндетіміз – оның өткізу қабілетін дәйекті түрде арттыру, көлік сервистерінің болжамдылығын арттыру және тарифтік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету», – деді Қазақстан СІМ басшысы.

Е.Көшербаев су ресурстарын ұтымды басқару және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасына назар аударды.

Қазақстан мен Грузияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары агроөнеркәсіптік кешендегі, цифрлық экономикадағы және қаржылық қызметтердегі өзара іс-қимылды кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті атап өтті.

Тараптар осы сапар барысында болған келіссөздер қол жеткізілген оң серпінді бекітуге және көлік пен логистика, энергетика, сауда және инвестициялар сияқты негізгі бағыттардағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөніндегі нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Е. Көшербаев пен М. Бочоришвили Қазақстан Республикасы СІМ мен Грузия СІМ арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.