Астана, 2026 жылғы 2 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде 2026 жылғы 22–24 сәуірде Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық мәселелері бойынша дипломатиялық корпус өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Іс-шара барысында Саммитке дайындықтың барысы туралы, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық бастамалары, оның ішінде Су жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы ұсыныс және БҰҰ-ның сайланбалы органдарына Қазақстанның кандидатураларын ұсыну мәселелері бойынша ақпарат ұсынылды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Саммиттің Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізілетінін атап өтіп, оның өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, тұрақты дамуды ілгерілетуге және экология мен климат саласында практикалық шешімдер әзірлеуге бағытталғанын жеткізді.
Ол сондай-ақ Қазақстанда климаттық саясат, атом энергетикасын дамыту, сондай-ақ Арал теңізін қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында іске асырылып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Саммит БҰҰ-мен серіктестікте өткізіледі, 17-ден астам құрылым тақырыптық сессиялардың тең ұйымдастырушысы және салалық бағдарламалар мен жобалардың бастамашылары ретінде қатысады.
Орталық Азия климаттық қоры Жобалық офисінің басшысы Ерлік Қаражан Саммиттің негізгі күн тәртібін таныстырып, өңірлік экологиялық жобалар портфелін қалыптастыру және инвестициялар тарту мәселелерін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Зүлфия Сүлейменова БҰҰ жанынан Су жөніндегі халықаралық ұйым құру мәселесі бойынша жүргізіліп жатқан консультациялар туралы хабарлады.
Сонымен қатар дипломатиялық корпусқа Ләззат Қалтаеваның 2027–2030 жылдар кезеңіне БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетіне сайлану үшін ұсынылған кандидатурасы және оны ұсынудың мақсаттары таныстырылды.
Қазақстандық кандидат өз қызметінің негізгі басымдықтарын баяндап, білім алуға, жұмыспен қамтуға және әлеуметтік интеграцияға қолжетімділік мәселелеріне тоқталды.