Қазақстан Сыртқы істер министрі Моңғолия Елшісін қабылдады

Қазақстан Сыртқы істер министрі Моңғолия Елшісін қабылдады

Астана, 2026 жылғы 2 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Дорж Баярхууды дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.

Кездесу барысында тараптар қазақ-моңғол ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогтың оң серпіні, сондай-ақ басым бағыттардағы өзара іс-қимылдың дәйекті түрде кеңеюі атап өтілді.

Ағымдағы жылы жоспарланған екіжақты сапарлар мен түрлі деңгейдегі іс-шаралардың кестесіне, сондай-ақ тараптардың көпжақты құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, Елші дипломатиялық миссиясы кезеңінде көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдіріп, Моңғолияның Қазақстанмен өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

Кездесу соңында Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Дорж Баярхууға екіжақты қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.