Қазақстан мен Өзбекстан одақтастық қатынастарды дамытуды және стратегиялық диалогты нығайтуды жалғастыруда

Қазақстан мен Өзбекстан одақтастық қатынастарды дамытуды және стратегиялық диалогты нығайтуды жалғастыруда

Ташкент қ., 2026 жылғы 30 наурыз – Ташкентке ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары көп қырлы қазақ-өзбек ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін қарастырып, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.

Тараптар достыққа, өзара түсіністікке және тату көршілікке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастықты тереңдетуге бейілділіктерін растады.

«Мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында соңғы жылдары қазақ - өзбек қатынастары сапалық жаңа деңгейге көтеріліп, барлық деңгейлерде жоғары даму қарқынын көрсетуде», – деп атап өтті Е.Көшербаев.

Өз кезегінде Б.Саидов екі ел президенттері екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты кезең-кезеңімен кеңейтуге ұзақ мерзімді бағытты айқындағанын растады.

Осы тұрғыда сыртқы саяси ведомстволардың басшылары 2024-2025 жылдары өткен Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші және екінші отырыстары барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру шараларын жан-жақты талқылап, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.

«Соңғы жылдары экономикалық ынтымақтастықты тереңдету бағытында елеулі ілгерілеуге қол жеткізілді. Қазақстан Өзбекстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарында тұрақты түрде орын алады. 2025 жылы өзара сауда көлемі 16,2 пайызға артып, 5 млрд АҚШ долларына жуықтады», – деді Е. Көшербаев. Қол жеткізілген уағдаластықтарды жоғары деңгейде іске асыру аясында министрлер экономикалық серіктестікті одан әрі тереңдетуге, оның ішінде өзара сауда көлемін 10 млрд долларға дейін ұлғайтуға жәрдемдесу ниеттерін растады.

Сондай-ақ, тараптар қазіргі таңда жалпы көлемі 1,8 млрд долларды құрайтын 78 инвестициялық жобаны қамтитын өнеркәсіптік кооперация саласындағы жетістіктерді атап өтті.

Осы тұрғыда «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын салу, Астана қаласындағы «Ташкент» және Ташкент қаласындағы «Астана» қонақ үйлерінің, сондай-ақ «Янги Ташкенттегі» «Астана» орамының құрылысы сияқты жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Кездесу барысында екі елдің Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және Еуропа нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін көлік дәліздерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың айтарлықтай әлеуеті атап өтілді. Осы бағыттағы жемісті өзара іс-қимылды дамытуға дайын екендіктері білдірілді.

Сонымен қатар, екі ел арасындағы берік және ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың негізі болып табылатын мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың мазмұнды күн тәртібі атап өтілді.

Сондай-ақ, тараптар білім беру саласындағы жобаларды іске асырудың маңыздылығын, атап айтқанда, Алматы қаласындағы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты мен Шыршық қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің филиалдарының жұмысын атап өтті.

Министрлер сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделіліктерін растады және екі мемлекеттің бастамаларын ілгерілетуде өзара қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары өңірлік ынтмақтастықты дамыту мен Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша 2026-2027 жылдарға арналған Казақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.