Қазақстан Римде су қауіпсіздігі мен аграрлық ынтымақтастық бойынша жаһандық бастамаларды ілгерілетуде

Қазақстан Римде су қауіпсіздігі мен аграрлық ынтымақтастық бойынша жаһандық бастамаларды ілгерілетуде

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев бастаған Қазақстан делегациясы Римдегі Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының (IFAD) бас кеңсесінде өткен «БҰҰ-су ресурстары» тетігінің 43-ші кездесуіне қатысты. Іс-шара барысында қазақстандық делегация Астанада өтетін Аймақтық экологиялық саммиттің және Мемлекет басшысының БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын іске асыру бойынша жоспарланған халықаралық консультациялардың таныстырылымын өткізді.

Римге жұмыс сапары кезінде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосы басшысының бірінші орынбасары Е.Ашықбаев сондай-ақ Италия Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) және Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының (IFAD)  басшылығымен бірқатар кездесу өткізді.

Атап айтқанда, Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириеллимен өткен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және Қазақстан мен Италия арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары, соның ішінде C5 + 1 платформасы, сондай-ақ Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан–Италия үкіметаралық жұмыс тобы (ҮЖТ) аясындағы мәселелер талқыланды.

Кездесу барысында қазақ дипломаты Италия СІМ басшысының орынбасарын Мемлекет басшысының реформалар бағдарламасы аясында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар, Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасы жөніндегі референдумның нәтижелері, сондай-ақ елдің саяси жүйесін одан әрі трансформациялау жөнінде хабардар етті.

Қазақстан Сыртқы саяси ведомствосы басшысының бірінші орынбасары өзінің итальяндық әріптесін еліміздің бірқатар өзекті халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымымен таныстырды.

Өз кезегінде Э.Чириелли екіжақты қатынастардың дамуындағы жоғары серпінді атап өтіп, Қазақстанның ішкі реформаларды жүзеге асыру және сыртқы саясат саласындағы бастамаларын оң бағалады.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Бас директорының бірінші орынбасары Годфри Магвензимен кездесуде Қазақстанның ФАО-мен ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, тараптар ауыл шаруашылығын жаңғырту, азық-түлік қауіпсіздігі және су ресурстарын рационалды пайдалану сияқты салалардағы бірлескен іс-қимылды бағалады.

Е.Ашықбаев Қазақстанның Орталық Азияның астық қоры ретінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын және бидай мен майлы дақылдар өндіру мен экспорттау бойынша жетекші орынға ие екенін атап өтті. Осы саланы дамытуға бағытталған күш-жігер өз нәтижесін беруде: өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 13,6%-ға өсті.

Қазақстан сыртқы саяси ведомствосы басшысы бірінші орынбасарының айтуынша, алдағы жылдары Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын айтарлықтай нығайтып, жоғары қосылған құны бар өнімдердің үлесін 70%-ға дейін арттыруды көздейді. Осы мақсатқа жету үшін ел жаңа өңдеу зауыттарын салуды және қолда бар өндіріс орындарын жаңғыртуды жоспарлауда.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Е.Ашықбаев Қазақстанның ФАО-мен серіктестік қатынастарды нығайтуға, соның ішінде агроөнеркәсіп саласында 700-ден астам инвестициялық жобаны іске қосуға бағытталған үш жылдық жоспарды жүзеге асыруға дайын екендігін атап өтті.

IFAD президенті және UN-Water төрағасы Альваро Лариомен өткен кездесуде тараптар су қауіпсіздігі саласындағы өңірлік және халықаралық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған бірлескен күш-жігерді талқылады. Е.Ашықбаевтың айтуынша, «KazAID» агенттігі арқылы еліміз серіктес мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетіп, дағдарыс, табиғи апаттар және басқа да төтенше жағдайлардан зардап шеккен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына үлес қосуда.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары сондай-ақ қазіргі әлемде маңызы барған сайын артып келе жатқан су ресурстары мәселелеріне назар аударды. Осы тұрғыда ол Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамында Халықаралық су ұйымын құру бастамасының маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық пен тұрақты даму қағидаттарына бейілділігін атап өтті.

Өткізілген кездесулер барысында Е.Ашықбаев Қазақстанда ФАО-ның Орталық Азияға арналған субаймақтық кеңсесін ашуға деген қызығушылықты атап өтті. Бұл Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары аймақтық орталығын нығайтып, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі күн тәртібіне оң әсер етер еді.