
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Елшісі Роман Василенко Люксембург Ұлы Герцогі Гийомға сенім грамоталарын табыстады.
Герцог сарайында өткен аудиенция барысында тараптар Қазақстан мен Люксембург арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Р.Василенко Ұлы Герцогке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Ұлы Герцог Гийом Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жолдап, Қазақстанның аймақтық және халықаралық саясаттағы артып келе жатқан рөлін атап өтті. Монарх Люксембургтің сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық салаларда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.
Қазақстан мен Люксембург саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты тұрақты түрде дамытуда. Герцогтік Еуропаның жетекші қаржы орталықтарының бірі және еліміздің Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі болып табылады.
Жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Люксембург әлемдегі алдыңғы қатарлы орындардың бірін иеленеді. Халықаралық валюта қорының дерегі бойынша 2025 жылы бұл көрсеткіш 146 мың АҚШ долларын құраған. 2005 жылдан бері Люксембургтен Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың ағыны 3,7 млрд АҚШ долларынан асқан, бұл люксембургтік қаржы және инвестициялық құрылымдардың Қазақстан нарығына тұрақты қызығушылығын көрсетеді.