Қазақстан СІМ Ресми өкілі Е.Жетібаевтың брифингі, Астана, 2026 жылғы 10 наурыз

Қазақстан СІМ Ресми өкілі Е.Жетібаевтың брифингі, Астана, 2026 жылғы 10 наурыз

Мазмұны:

  1. Қазақстан Республикасының азаматтарын Таяу Шығыс елдерінен эвакуациялау туралы;
  2. Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар;
  3. Шетелде референдум өткізуді дайындау туралы;
  4. Ыстанбұл қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы туралы;
  5. Женевада өткен Өлімге әкелетін автономды қару жүйелері жөніндегі үкіметтік сарапшылар тобының сессиясы туралы.

 

  1. Қазақстан Республикасының азаматтарын Таяу Шығыс елдерінен эвакуациялау туралы

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жалғастыруда.

Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салудамыз және кез келген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетудеміз. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ.

Эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдардың, резидент және резидент емес әуе компанияларының көмегімен 8 585 қазақстандық елге қайтарылды.

Алдағы күндері Израильден – 78 азаматты, Қатардан шамамен 350 адамды, Біріккен Араб Әмірліктерінен – шамамен 550 адамды, Сауд Арабиясынан – шамамен 300 адамды эвакуациялау жоспарлануда. Көрсетілген деректер өзгеруі мүмкін.

Әуе рейстерінен бөлек, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Әзербайжан, Армения және Түрікменстанның құрлықтағы шекаралары арқылы эвакуация жүргізілуде. Барлығы Ираннан 66 азамат елге қайтарылды.

Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуациялауды үйлестіруді жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыс орнатуда.

Азаматтардан Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің және тиісті елдердегі дипломатиялық мекемелерінің ресми хабарламаларын қадағалап отыруды сұраймыз.

Азаматтарымыздың қауіпсіз түрде елге оралу мәселесі мемлекет үшін басымдық болып қала береді.

 

  1. Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты Қазақстан азаматтарына арналған ұсынымдар

Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың жалғасуына, сондай-ақ көптеген елдердің әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына белсенді әскери іс-қимылдар толық тоқтап, жағдай толық тұрақтанғанға дейін келесі елдерге барудан бас тартуды қатаң түрде ұсынады:

-Бахрейн

-Мысыр

-Израиль

-Йемен

-Иордания

-Ирак

-Иран

-Қатар

-Сауд Арабиясы

-Кувейт

-Ливан

-БАӘ

-Оман

-Сирия

Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауға, соның ішінде зымырандық қауіп туындаған жағдайда дереу баспаналарға/паналау орындарына баруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болуға тағы да шақырамыз.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігінің бұған дейін жариялаған ұсынымдарына қарамастан, жекелеген азаматтар өңір елдеріне сапармен баруға әрекеттенуде. Осыған байланысты азаматтарды жағдай толық тұрақтанғанға дейін мұндай сапарларды жоспарлаудан және жүзеге асырудан бас тартуға тағы да қатаң түрде шақырамыз, сондай-ақ бұл ақпаратты туыстар, достар және таныстар арасында барынша кеңінен таратуды сұраймыз.

 

  1. Шетелде референдум өткізуді дайындау туралы

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде референдум өткізу мәселелері бойынша арнайы Штаб құрылған.

Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына, сондай-ақ Украина мен Эфиопиядағы қауіпсіздік деңгейінің төмен болуына байланысты 10 елдегі 11 учаскенің жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды (Қазақстан Республикасының Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ, Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопиядағы елшіліктері жанындағы, сондай-ақ Дубай қаласындағы Қазақстан Бас консулдығы жанындағы учаскелер). Осылайша, референдум кезінде 54 елде 71 учаске жұмыс істейтін болады.

Шетелдегі сайлаушылардың жалпы саны 14 230 адамды құрады.

Қазіргі уақытта 10 халықаралық және өңірлік ұйымнан, шет мемлекеттердің 27 орталық сайлау комиссиясынан, сондай-ақ Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпустан жалпы 336 халықаралық байқаушының қатысуы жоспарлануда.

Референдумды 31 елден 68 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 185 өкілі сүйемелдеуді жоспарлап отыр.

 

  1. Ыстанбұл қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы туралы

2026 жылғы 7 наурызда Түркі мемлекеттері ұйымы Cыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бастап барды.

Отырыс Түркия Республикасы Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның төрағалығымен өтті. Жиынға ТМҰ-ға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Ұйымның Бас хатшысы қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар саяси диалогты одан әрі нығайту, институционалдық ынтымақтастықты кеңейту және түркі әлеміндегі өзара іс-қимыл мен интеграцияны тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілету перспективалары талқыланды.

Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жоспарланған алдағы іс-шараларға дайындық мәселелеріне, сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша мүше мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында Ә.Бақаев өзге делегация басшыларымен бірге Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды. Сұхбат барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамыту перспективалары талқыланды.

Тараптар бауырлас түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және түркі әлемінің халықаралық әрі өңірлік үдерістердегі рөлін арттыруға өзара мүдделілік білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің Таяу Шығыстағы соңғы оқиғаларға қатысты бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ ТМҰ+ форматында үшінші тараптармен ынтымақтастық туралы ереже бекітілді.

 

  1. Женевада өткен Өлімге әкелетін автономды қару жүйелері жөніндегі Үкіметтік сарапшылар тобының сессиясы туралы

2026 жылғы 2-6 наурыз аралығында Женевада Қазақстан делегациясы Өлімге әкелетін автономды қару жүйелері бойынша үкіметтік сарапшылар тобының сессиясына қатысты.

Үкіметтік сарапшылар тобының жұмысына Ізгіліксіз қару жөніндегі конвенцияға қатысушы 150 елдің, сондай-ақ 30 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты.

Топтың қорытынды құжаты 2026 жылдың қарашасында Ізгіліксіз қару жөніндегі конвенцияның Шолу конференциясында қарауға ұсынылады деп күтілуде.